ҚАРЫЗ
ҚАРЫЗ

(Исламдағы қарыз берудің және қарыз алудың  құқығы)

  «Қарыз» сөзінің тілдік және терминдік мағынасы

  «Қарыз» сөзі қазақша «кесу» мағынасына саятын араб тіліндегі «قَرَضَ» етістігінен шыққан. Ал шариғаттағы мағынасы біреуге ешқандай артық төлем немесе қоспасыз қайтарылу шартымен берілген қандай да бір мал-мүлік, зат. (Ибн Абидин. Радд мухтар. 5-том. 161-бет.)

  Шариғатымыз адамдардың бір-біріне жәрдем етуі үшін қарыз алып-беруді құптайды. Себебі жағдайы нашар немесе белгілі бір қиындықтарға душар болған адамдар қарыз алу арқылы қиындықтан құтылып, мұқтаждықтарын өтейді. Тіпті бақуатты адамдардың  өздері де  қарызға мұқтаж болатын кездері болады. Сондықтан шариғат қойған кейбір қағидаттарды сақтай отырып қарыз алудың еш әбестігі жоқ. Ғалымдарымыз қарыз алып-берудің негізгі хикметтері  адамның қалаған затына қиындықсыз қол жеткізуін қамтамассыз ету, өзгелердің көмегіне жүгіне отырып қаржылық қыспақтан құтылу екендігін айтқан.

  Қарыз беру, қарыз алу көне заманнан осы күнге дейін жалғасып келе жатқан үрдіс. Сиәр кітаптарында (пайғамбарымыздың (с.а.у) өмірбаяны) пайғамбарымыздың қарыз алғандығы және қарыз бергендігі айтылған. Сондай-ақ сахабалар да бір-біріне қиын-қыстау кезеңдерде қарыз беріп отырған.

  Ақшадан қысылған адамға қарыз беру – жомарттықтың, тақуалықтың белгісі. Қарыз беру арқылы бауырын тығырықтан шығару адамды жұрт алдында абыройға кенелтетін іс болса, мақшарда да  Алланың дәргейінде мақтауға лайық қылады. Алла елшісі (с.а.у.) бір хадисінде: “Кімде кім екі рет қарыз берсе бір рет толық садақа бергендей болады”,-деген. (ибн Мәжә)

  Қарыз берудің үкімі

 Шариғатымыз қарыз алуды мүбах амалдар қатарына жатқызған. Мұсылман адам егер алғалы тұрған қарызын дер кезінде қайтара алмайтындығына көзі жете тұрып алатын болса бұл іс-әрекеті мәкрүһ болады.

 Ислам ғұламалары қарыз беруді төмендегідей топтарға бөлген:

- Мәндүп қарыз. Мұсылман адам шариғатқа сай өз мұқтаждығын өтеп алсын деген ниетпен берілген қарыз.

- Мәкрүһ қарыз. Қарызданушы алған қарызын түкке тұрғысыз бос нәрселерге жұмсайтынын біле тұра берілген қарыз.

- Харам қарыз. Қарызданушыалған қарызын арам істерге жұмсайтынын біле тұра берілген қарыз.

- Уәжіп қарыз. Егер қарыз сұраушы шынымен көмекке мұқтаж болса (дәрі-дәрмек, бала-шағаның тамағы, киім-кишегі сынды қажеттіліктер) оған көмек ретінде қарыз беру уәжіп қарыз болып саналады.

  Қарыз келісімі

  Қарыз орындалуы міндет емес келісім түріне жатады. Екі тарап келіскеннен кейін бір тараптың немесе екі тараптың да келісімнен бас тартып, айтқан уәдесінен айнуға шариғат рұқсат етеді. Қарыз – сауда-саттық келісімі секілді «ижап пен қабулды» (екі тараптың бір-біріне «бердім-алдым) қажет ететін келісім-шарт түрі және бұл келісім-шарттың орындалуы үшін екі тараптың да разылығы ләзім.

  Егер берілетін қарыздың көлемі көп болатын болса алушы мен беруші балиғатқа толған және ақыл есі дұрыс болуы керек деген  шарт қосылады. Ал, берілген қарыз күнделікті тұрмыстық заттардың құнымен тең  болса (нан, тұз, жұмыртқа т.б.) онда әлгі екі шарт қажет емес.

 Қарызға не беріледі?

  Қарызға көп жағдайда ақша беріледі. Сонымен қатар кейіннен қайтарылуға жарамды, қарызға берілген затқа ұқсас немесе балама заттар да қарызға беріле береді.  Яғни, қарызға алынған зат жоғалған жағдайда немесе құртылған жағдайда  қайтару мүмкіншілігі болу керек. Ал кейіннен қайтарыла алмайтын немесе нарықта баламасы жоқ заттарды қарызға беру Ханафи мазхабында қарызға жарамсыз болып есептеледі. Себебі бұндай келісім-шарт екі тараптың келіспеушілігіне, бір-біріне разы болмауына алып келеді.

 Қарызға берілген заттарға қатысты үкім

1. Қарыздың мөлшері белгілі болу керек. Бұл ихтилафтың (түсінбеушілік) алдын алу үшін қажет. Ал, егер екі тарап бір-бірінен алған заттарды қатты қадағаламайтын, кешірімді кісілер болса  немесе берілген зат түкке тұрғысыз болса нақты мөлшерді белгілемесе де болады.

2. Қарыз беруші қарыз берерде өз пайдасына тиесілі шарттарды қоюы харам. (Мысалы: екі есе қылып қайтарасың, жақсырағын қайтарсың, бір затыңды сатасың немесе көлігіңді жалға бересің т.б. шарттар) Себебі қарыз Алла ризалығы үшін жасалатын ерікті іс-әрекет. Егер қарыз беруші қандайда бір шарт қойса оны қарыз алушы шариғи тұрғыдан орындауға міндетті емес. (Ибн Абидин. Радд мухтар. 5-том. 164-бет.)

3. Қарыз беруші қарыз берерде қарыздың тез қайтарылуын немесе белгілі бір уақыттан аспауын талап ете алады. Сондай-ақ, берешегін ұлына не жұбайына қайтаруын  және қарызы үшін бір затты кепілдікке алуына болады. Дегенмен кепілдікке алынған затты қарыз берушінің рұқсатынсыз қолдануға тыйым салынады.

4. Қарыз алушы сұрап алған зат қолына тиісімен келісім-шарт өз күшіне енеді. Егер ол затты  жоғалтып алса немесе құртып\бұзып алса заң алдында  жауапты болады.

5. Егер қарыз алушы қарызын өз еркімен көптеу қылып немесе қарызға алған заттан жақсырағын қайратам десе шариғат тұрғысынан ешқандай сөкеттігі жоқ. Себебі қарыз беруші қалай-алдың солай қайтар деп шарт қоймаған болуы мүмкін. Абдулла ибн Жәбир (р.а) есімді сахаба: “Маған Расуллаланың берешегі бар еді. Оны артығымен қайтарды”, − деген. (Бұхари)

6. Қарыз қай елде алынса сол елде қайтарылуы керек.  Егер қарызды алған елде қайтару белгілі бір шығын немесе күш талап ететін болса қарыз алушы қарызын бөтен елде тұрып та қайтаруына рұқсат.

7. Қарыз алушы уақыт өте келе алған затын сатып алуына болады. (Мысалы: 1т. бидай қарызға алған болса оны сатып алуына болады. Яғни, 1т. бидай етіп қайтармаса да болады) Қарызға алынған заттың бар болуы шарт емес. Яғни, алынған зат қолданылып жоқ болып кеткен болса  қарыз беруші алашағын талап етіп “бірінші затымды әкел сосын сатамын” деп талап етіуі дұрыс емес.

  Қарызды қайтару уақыты

 Егер қарыз алушы келісім барысында  “мен бұл қарызды тек бір жылдан кейін немесе алты айдан кейін ғана қайтарамын” деп айтса және бұған қарыз беруші келіскен болса сол уақытқа дейін күту шарт па?

Ханафи ғалымдарының көпшілігі бұл келісімді тақуалық (диянатан) және әдеп тұрғысынан бұзуға болмайтындығын, бірақ үкім (қадаан) тұрғысынан бұзуға болатындығын айтқан.

Имам Мәлік (р.а.): “Күтуі шарт болады. Себебі хадисте: “Мұсылмандар шарттарында (яғни, уәделеріне берік)»  делінген”, − деп пікір білдіреді.

Екі көзқарастың да дұрыс екенін айтуға болады. Мысалы: көршіңізге қарыз беріп, артынша қатты мұқтаж болсаң бір жыл күтпей барып сұраудың еш әбестігі жоқ. Сондай-ақ, қарыз бергеннен кейін оны әлі қажетіне жаратпастан немесе түгелімен қажетіне жаратып қолында ештеңе қалмаған кезде барып: “Мен бір жыл күте алмаймын. Дереу қарызымды қайтар”, − деп айту да өте жайсыз.

Қорытындылар болсақ,  қарыз  – Алла ризалығы үшін өзгелерге көмектесу. Сондықтан екі тарап шамалары келгенше бір-бірінің жағдайларын қарайлау керек.

Қарыз беремін деп уәде ету

  Мұсылман бір зат сатамын деп немесе қарыз беремін деп уәде етсе тақуалық (диянатан) және әдеп тұрғысынан уәдесінде тұру міндет. Ал үкім (қадаан) тұрғысынан міндет емес. Бұл жалпы уағдаларға қатысты. Ал кейбір уақыттарда  уәдеде тұру уәжіп болады. Мысалы: Біреу «Мына көлікті сатып ал! Жетпегенін мен беремін» десе орындау уәжіп. Сондай-ақ, «Осы тауарды сатып ала бер! Шығынын мен төлеймін» десе де орындау уәжіп болады. Себебі уәдесін орындамаса екінші тарапқа зиян тиеді. Алла Тағала Құранда: “Сертке берік болыңдар! Өйткені берілген серттің сұрауы бар”, − деген. (Исра сүресі 34-аят.)

adil zhanenulyadil zhanenuly
11 күн бұрын 394
1 пікір
Блог туралы
0
5788 14 61 30 33