Ілім үйретудің артықшылығы
Аянбай ілім үйретудің абзалдығын баяндайтын аяттарға көз жүгіртсек:
“Кезінде Алла Кітап иелерінен: «Кітаптағы ақиқаттарды (әсіресе, Алланың соңғы елшісі жайлы маңызды мәліметтерді) ел-жұртқа ашық айтып жеткізетін боласыңдар һәм ондағы ақиқаттарды жасырмайсыңдар», – деп уәде алған еді. Алайда, олар мұны қаперлеріне ілмей, бірден былай ысырып қойып, оны (мал-дүние, шен-шекпен, атақ-абырой сынды) болмашы бағаға сатып жіберді. Расында, олардың бұл саудасы қандай жаман әрі зиянды десеңші!”[1].
“(Уа, Мұхаммед!): Раббыңның жолына даналықпен әрі жанға жағымды уағыз-насихат айту арқылы шақыр! Сондай-ақ (Алла жолында) күресу (немесе сөз таластыру) керек болғанда әрдайым сөз бен іс-әрекеттің ең жақсысын таңда. Шүбәсіз, Раббың өзінінің тура жолынан кімнің тайып кеткенін жақсы білетіні сияқты тура жолына түскендерді (һәм түсетіндерді) де өте жақсы біледі”[2].
Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уа саллам) тақырыбымызға қатысты мынадай хадистер айтқан:
“Ұлы Алла Тағала адамдарға ілім бергеннен кейін оны көкіректерінен қайта тартып алмайды. Ілім ғалымдардың дүниеден өтуімен жоғалады. әр-бір ғалым дүниеден өткенде онымен болған ілімде кетеді. Осылайша (жер бетінде) надан басшылар қалады. Олардан сұралған сұрақтарға білімсіз жауап беріп, (надандығы себепті) өздері адасады өзгелерді де адастырады”[3].
“Адам баласын Алладан алыстатқан дүние лағынеттенген. Оның ішіндегілер де лағынетке ұшырағандар. Тек түрлі кемшіліктен ада болған Алланы зікір ету, Алланың разылығына алып баратын істерді жасау және ілім үйрету және үйрену бұлардан тыс”[4].
“Кемшілік атаулыдан ада болған Алла Тағала, періштелер, аспан әлемі және жердегілер тіпті ұясындағы құмырсқа мен теңіздегі балықтар да адамзатқа хайырлы ілім үйреткендерге дұға жасап, мағфират етеді”[5].
Алла елшісінің (саллалаһу алейһи уа саллам) бір хадисінде: “Адам баласы дүниеден өткенде амалдары кесіледі, мына үш нәрседен басқа: үнемі қоданысқа жараған садақасы (садақату жария), пайда беретін ілім және артынан дұға жасайтын ізгі ұрпақ”[6],-деп айтылған.
“Қайрлы іске себепкер болған кісіге, оны жасағандай сауап беріледі”[7].
“Екі нәрседе қызғануға рұқсат. Алла Тағала көптеп ілім берген оны адамдарға үйреткен кісіге және Алланың нәсіп еткен байлығын, Алланың жолында жұмсаған адамға”[8].
Тарих төрінде орын алған оқиғалардың бірінде Суфян әс-Саури Асқалан қаласына келіп бір шама уақыт тұрақтайды. Ілім талап етіп, дін тұрғысында сұрақ сұраған ешкім болмағансоң қатты ренжіген ол құрбыларына: “Маған қаладан шығу үшін көлік даярласаңдар, себебі бұл қалада ілім өліпті”,-деген екен. Бұлай айтумен әс-Саури білім үйретуге деген ыждаһаттың және ілімнің жолы сұрақ-жауаппен болатынын баяндаса керек.
Яхиа ибн Муғаз: «Ғұламалар Пайғамбар үмметіне ата-аналарынан да мейрімді»,-деп атқанда бір кісі мұның мәнісін сұрады. Сол кезде ол: «Себебі ата-аналар өз балаларын қамшының сабындай қысқа дүнеие отынан қорғаса, ғалымдар мәңгілік ақырет отынан қорғайды»,-деп жауап берген.
Білім жайлы бір ғалым: «Ілімнің басы үнсіздікте кейін оны мұқият тыңдау болса, одан кейін алған ілімді қору, артынша оған амал ету тұрады, соңы ілімді өзгелерге жаю»,-деген екен.
Муаз ибн Жабалдың (р.а.) білім жайлы айтқан мына сөздері құлақ асарлық: «Ілім талап етіңіз! Себебі Алла үшін ілім үйрену – тақуалық, оны ерінбей талап ету – құлшылық, алынған ілімді қайталау – таспих, ілім іздену, оны зерделеу жиһад, оны білмегенге үйрету садақа, ал өз орнына жұмсау болса Аллаға жақындау. Сондай-ақ, ілім - жалғыз қалғанда серігің, оңашада жолдасың, дін тұрғысында көшбасшың, кеңшілікте және таршылықта сабырға шақырушы, достарыңның арасында уәзір қылушы, жапа-жалғыз қалғанда ең жақын жолдасың, жәннат жолына нұр шашқан шамшырағың. Алла Тағала осы ілім арқылы бір топ адамдардың дәрежелерін көтеріп, артынан еретін, үлгі тұтатын басшы қылады. Періштелер олармен дос болуды қалайды және қанаттарымен ілім талап етушілердің бастарынан сипайды. Жер бетіндегі бүкіл жаратылыстар, теңіздегі балықтар, құрлықтағы жануарлар, аспан әлемі және жұлдыздар бұлардың барлығы ғалымдар үшін кешірім тілеп, мағфират етілуін Алладан сұрайды. Иә, расында білім – көрлік пен надандыққа қарсы жүрек көзі, қараңғылыққа қарсы көздердің нұры, әлсіздікке қарсы күш-қуат. Пенде ілімнің себебімен абрарлар (Аллаға жақын құлдар) мәртебесіне жетеді, қол жетпес жоғары дәрежелерге көтеріледі. Ой жүгіртіп, жаңалық ашу ораза түтқанаға тең ал, оны оқу, қайталау түнгі ғибадат сияқты. Ұлы Алла Тағалаға осы ілім арқылы итағат етіп, ғибадат жасалады. Ол арқылы таухитке жетеді, ол арқылы өзгелерге мақтаныш болады, ол арқылы шынайы тақуалыққа қол жеткізеді. Сондай-ақ ол арқылы бауырластық артып, халал-харам ажыратылады. Ол басшы, имам ал амал оған еруші. Ол бақытсыздық жолдарын жауып, бақытқа алып барушы»[9],-деген.
[1] Әли Имран сүресі 187.
[2] Нахл с 125
[3] Бухари, Ілім 34, Иътисам 7; Муслим, Ілім 13-14; Тирмизи, Ілім 5; Ахмад ибе Ханбал, 2/162.
[4] Ибн Мәжа, Зуһд 3.
[5] Тирмизи, Ілім 19.
[6] Муслим, Уасия 14 ; Әбу Бауіт, Уасия 14; Тирмизи, Ахкам 36; Насаи, Уасия 8.
[7] Әбу Бауіт, Әдеп 114-115.
[8] Муслим, Салату мусафирин 268.
[9] «Ихя улумуд-дин», имам Ғаззали.