"Ілім бүкіл қиыншылықтың шешімі"
"Ілім бүкіл қиыншылықтың шешімі"

Ілімнің артықшылығы

Ілімнің артықшылығын баяндаған аяттардың кейбіреуі мыналар:

Алладан басқа Тәңір жоқ, бұған ең алдымен Алланың Өзі куә. Сондай-ақ барлық періштелер мен шынайы ғалымдар да турашылдық пен әділдікті ұстана отырып (осынау ақиқатқа куәлік етті). Ұлы, бәрінен үстем һәм әр ісі мен әрбір үкімінде талай хикмет болған Хаким Алладан басқа тәңір жоқ[1].

“...Әйтседе, оларды һәм ондағы астарлы ақиқатты шынайы ғалымдар ғана пайымдай алады[2].

Шынтуайтында, Алладан құлдарының арасынан тек ғұламалар ғана шын именеді[3].

«Білетіндер мен білмейтіндердің терезесі тең бе?» – деп, айт[4].

Уа, иман еткендер! Мәжіліс құрып отырғандарыңда (жаңадан келген жандарға): «Кеңшілік жасап, орталарыңнан орын беріңдер», – делінгенде, сәл ығысып орталарыңнан орын беріңдер, сонда Алла да сендерге кеңшілік жасап (шексіз рақымы мен жаннатынан) ойып тұрып орын береді. Ал: «Жиын бітті, тұрыңдар, тараңдар», – делінгенде, тұрыңдар да тараңдар. Сонда Алла араларыңдағы шынайы иман еткендердің, әсіресе, өздеріне ілім берілген білімпаздардың дәрежесін еселеген үстіне еселей түседі. Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар[5].

Тақырыбымызға қатысты Пайғамбарымыздың (саллалаһу алейһи уа саллам) хадистері мыналар:

“Алла Тағала дінде кімге қайыр нәсіп етсе оған дін ілімдерін тереңінен түсіндіріп қояды”[6].

(Шынайы) ғалымдар пайғамбарлардың мирасқорлары[7].

“Адамдар алтын, күміс сияқты асыл тастар. Жаһилия дәуірінде хайырлы болғандар исламда да хайырлы егер дін ілімін терең меңгерген болса”[8].

“Ғалым адамның білімсіз ғибадат еткеннен артықшылығы, менімен менің ең төмен (дәрежедегі) сахабам сияқты[9].

Ғалымдарымыз ілімнің артықшылығына байланысты керемет сөздер айтып, қалдырған:

Әли (р.а.) өзінің шәкірті Қумайлға: “Уа Қумайл! Ілім дүниеден артық. Себебі ілім сені қорғайды, ал дүниені сен қорисың. Ілім үстем, өзгеллерді басқарушы, ал дүние басқарылушы. Жұмсаумен дүние азаяды, ал ілім шыңдалып, көбейеді”.

Фатих әл-Маусили былай дейді: “Бір сырқат адам қажетінше емделіп, жақсы тамақтанбаса өлетіні сияқты, жүректе қатарынан үш күн ілім мен хикметтен сусынданбаса өледі”. Ілімнен жырақ қалған адамның жүрегі сырқаттанып өлген жүрек. Оның үстіне бұл жүрек дүниеге құмартса бүкіл сезімдерін жоғалтады.

Хасан Басри (р.а.): “Ғалымдардың жұмсаған қалам сиялары (қияметте) шаһиттердің қандарымен таразыланады. Сол кезде ғалымдардың қалам сиялары ауыр басады”,-деген. Бір күні Ол:

«Уа, Раббымыз! Бізге осы дүниеде жақсылық бере гөр! Ақиретте де жақсылық бере гөр және бізді тозақ отынан сақтай гөр!»[10] -деген аятты оқып, осы дүниедегі жақсылықты «ілім және ғибадат» десе, ақирет жақсылығын «жәннат» екенін айтқан.

Бірде Лұқман хәкім (а.с.) баласына: «Уа ұлым! Ғалымдармен бірге жүр. Олардың білім мәжілістерінен еш айрылма. Себебі Алла Тағала жер бетін жаңбырмен тірілткені сияқты, жүрегіңді білім нұрымен тірілтеді», - деген.

Бір дана кісі былай деген: “Ғалым адам дүниеден өткенде судағы балық, аспанда қалақтаған құста қайғырады. Ол кісінің өзінен айырылсақ та оның есімі жүректерде мәңгі”.


[1] Әли Имран сүресі 18.

[2] Әнкабут с 43.

[3] Фатыр с 28.

[4] Зумар с 9.

[5] Мужадала с 11.

[6] Бухари, Ілім 10; Муслим, Имара 175; Тирмизи, Ілім  4; Ибн Мәжа, Муқаддима 17.

[7] Бухари, Ілім 10.

[8] Бухари, Манақиб  1; Муслим, Бирр 160.

[9] Тирмизи, Ілім 19.

[10] Бақара с  201.

adil zhanenulyadil zhanenuly
9 лет назад 6239
2 комментария
О блоге
0
5788 14 61 30 33