Имам Матуриди «аршы» мәселесінде не айтқан?
Имам Матуриди «аршы» мәселесінде не айтқан?

Имам әл-Һуда Әбу Мансур әл-Матуридидің «Китабу таухид» есімді ақида саласында жазған туындысын оқып отырсам «мәсалату баян әл-арш» атты тақырып арнап, сол жерде елімізде дауға айналған «аршы» мәселесіне қатысты түрлі көзқарастар барын айтып, ақиқаты қайсысы екеніне нүкте қойған екен. Сол жерді аударып, бөлісейін деген едім. Қабыл алыңыздар.  

«Мұсылмандар арасында Алла Тағаланы мекенге телу тұрғысында әртүрлі пікірлер айтқан топтар шықты.

Бірінші: «Алла Тағала аршының үстінде отыр дейді. Олардың көзқарасы бойынша «аршы» періштелер көтеріп тұрған орындық, тақ секілді». Бұған дәлел ретінде мына төмендегі аяттарды келтірген:

«Сол күні күллі жаратылыстың үстінде Раббыңның Аршын сегіз (періште) көтеріп алып жүреді» («Хаққа» сүресі, 17-аят).

«(Сол күні) періштелердің Аршты қаумалап, Раббыларына мадақ жаудырғанын көресің» («Зүмәр» сүресі, 75-аят).

«Аршты арқалаған және оны айнала қоршаған (періштелер)...» («Мүмін» сүресі, 5-аят).

Ал, Алла Тағала аршының үстінде отыр деп айтуына Құран Кәрімдегі «Рахман Аршыға «истиуа» етті (яғни, Аршқа шексіз билігін жүргізді, Аршпен бірге күллі жаратылыс атаулыны толық меңгеріп, шексіз үкімін жүргізді)»,-деген («Та-һа»)[1] сүресінің 5-аятын дәлелге келтіруде. Бұған қоса Алла Тағала әзелде аршыда отырмаған кейіннен отырды деп «Содан соң Аршыға «истиуа» етті» («Ағраф»)[2] сүресінің 54-аятын дәлелге келтіруде. Бұл жерде «сумма» сөзін негізге алуда.

Екінші: «Алла Тағаланы бүкіл жерде»,-деп біледі. Оған мына аяттарды дәлел ретінде келтіруде:

«Үш кісі жасырын бас қосып құпия сөйлессе, сөзсіз олардың төртіншісі Алла болмақ...» («Мүжәдәлә» сүресі, 7-аят). 

«Біз оған өз күре тамырынан да жақынбыз» («Қаф» сүресі, 16-аят),

«Біз оған сендерден де жақынбыз, алайда, сендер көрмейсіңдер» («Уақиға» сүресі, 85-аят).

«Ол көкте де (табынуға лайық) жалғыз Құдай, жерде де (табынуға лайық) жалғыз Құдай» («Зұхруф» сүресі, 84-аят).

Шынтуайтына келсек, Алла Тағала бар болды еш бір мекен болмады. Қазір де Алла Тағала әзелде бар болғанындай бар. Ол Алла өзгеріске, орын ауыстыруға, жоқ болуға және бір орынға отыруға өзге мақлұқаттар сияқты іс-әрекеттерден, кемшілік сипаттардан ада. Иә, расында өзгеріске түсу, жоқ болу және орынға мұқтаждық кейіннен жаратылған жаратылысқа тән сипаттар»[3],-деп имам Матуриди әйгілі сахаба Әлидің (р.а.) сөзін дәлме-дәл қайталауда. Хазірет Әли (р.а.): «Алла Тағала бар болды еш бір мекен болмады. Қазір де Алла Тағала әзелде бар болғанындай бар»[4],-деген.



[1] "الرَّحْمَنُ عَلَى الْعَرْشِ اسْتَوَى"

[2] "ثُمَّ اسْتَوَى عَلَى الْعَرْشِ"

[3] Әбу Мансур әл-Матуриди. Китаб таухид. «Дәру садаир» бспасы. Бейрут  2016.132-бет.

[4] Абдулқаһир Бағдади. Фарқ бәйнә әл-фирақ. «Дәру әфақ жадида» баспасы. Бейрут 2010. 1-том. 321-бет.

adil zhanenulyadil zhanenuly
6 лет назад 11763
0 комментариев
О блоге
0
5788 14 61 30 33