Ілімнің түрлері; (парыз айн және парыз кифая ілімдер)
Ілімнің түрлері; (парыз айн және парыз кифая ілімдер)

Ілімнің түрлері; (парыз айн және парыз кифая ілімдер) (Ілім бүкіл қиыншылықтың шешімі - 4)

Алла елшісі саллалаһу алайһи уа сәллам тақырыбымызға қатысты:

«Ілім талап ету әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз»[1]. Сондықтан әрбір мұсылман жасы мен жағдайына байланысты қажетті білімдерді үйреніп, меңгеруі керек. Мысалы: балиғат жасына жеткен бала «калима шаһадатты» жаттап мағынасын үйрену керек. Сосын, Алла Тағаланың әмірлерінен намаз, ораза сияқты ғибадаттарды өзіне жететіндей, қатесіз орындайтындай мөлшерде үйренуі міндет.  Бұлар парыз айын болып, әр мұсылманның білуі міндет болған амалдар. Ары қарай, бақуатты болса зекет, қажылық сияқты парыздарды да үйренуі қажет. Бұл мәселелерді егжей-тегжейлі білу мінтетті емес, тек қана өзіне жететіндей білсе жеткілікті. Алайда, бір мәселеде күманданатын болса сол күмәнін кетіретіндей білім алуы шарт. Әсіресе адам баласы өзін құрдымға алап баратын нәрселерді білуі, сондай-ақ, рухани дәрежесін көтеретін білімдерді талап етіп, үйренуі парыз. Ал, бұлардың тысындағы ілімдер парыз кифая болып табылады. (яғни, әркім өз мамандығына қарай икемделеді)

Діни ілімдер өз арасында әр түрлі дәрежелерге бөлінеді. Әр бір ғалым өзінің таңдаған саласын артығырақ көретініде талассыз. Мысалы: «Кәләм» ғалымдары Алла Тағаланың затын, сипаттары мен есімдерін зерттейтін сала болғандақтан ең абзал ілім саласы «Кәләм» деген. «Фиқһ» ғалымдары  ғибадаттар, халал мен харам және күнделікті адамдармен қарым қатынастарды үйрететін сала осы деп «фиқһ» саласын ең абзал сала деп айтуда.

Адамдарды арттарынан ертіп, өздеріне итағат еткізген ұлы мәзхаб имамдары болса олар кәләм (ақида), фиқһ сияқты захири ілімдерді меңгерумен қатар батини тасаууф ілімін де өз бойында жинаған. Бұлар Әбу Ханифа, имам Мәлік, имам Шафиғи, имам Ахмад және Суфиян әс-Сәури сияқты ұлы тұлғалар. Бұл тұлғалар ғалым, захид болып бүкіл ілімдерін тек Алла жолында алып-бергендер. Біз бұл ғалымдардың ішінен екеуін ғана мысал ретінде алып, ілімдегі дәрежесін баяндаймыз.

Имам ағзам Әбу Ханифа іліміне амал ететін, Алла Тағаладан шынайы қорқатын, бұл дүниені ақырет үшін қолданатын, ілімімен тек Алла разылығын көздейтін ғалым болатын. Ол сөзге шолақ көп ойланып, пікір жүгіртуді ұнататын. Сондай-ақ, тақуа, дініне берік, рухани білімдерде де шыңда болатын.

Ұстазы Хаммад ибн Сулайман оған қатысты мынадай оқиғаны жеткізеді:

«Имам ағзам түнінің жартысын ғибадатпен өткізетін. Күндердің бір күні көшеде кетіп бара жатып бір кісінің екінші бір кісіге Әбу Ханифаны меңзеп: «Мына кісі түннің бүкіл бөлігін ғибадат және іліммен шұғылданып өткізеді»,‒дейді. Алайда имам түнінің жартысын ғана осылай өткізетін. Осылайша ол өзі жайлы айтылған сөздің жалған болуын қаламай түнінің бүкіл бөлігін ғибадат пен ілім үйренуге арнады. Бұл оқиғаға қатысты Әбу Ханифа: «Менде болмаған қасиеттермен адамдардың мені мақтаулары мені Алладан қатты ұялтты»,‒деген екен.

Имам Шафиғи де түнін үшке бөлетін. Бірінші бөлігінде ұйықтап, тынығатын. Екіншісін, ғибадат, құлшылыққа арнайтын. Үшінші бөлігін, ілімге арнайтын.

Шәкірттерінің бірі Құрандағы: «Бүгін – (кәпірлердің) аузына құм құйылатын күн. Кешірім тілеп, арылу былай тұрсын, оларға (бір ауыз сөз айтуға дағы) рұқсат берілмейді»[2]  аятты оқығанда имам Шафиғи талықсып құлап түсті. Есін жиып, былай деп дұға жасады: «Уа Ұлы Аллам! Өтірікшілер мен ғапылдардың істерінен сенен пана тілеймін. Мерімің мен рақымыңды тілеймін. Күнәләрімді жасырып, дәрежемді көтер. Өз кеңшілігіңмен күнәләрімді кешір!».

Бір күні Суфян ибн Уяина өте әсерлі хадис риуаят еткен кезде имам Шафиғи қатты әсерленіп талықсып, құлап түседі. Қасындағылар «Шафиғи өлді»,‒деп айтқанда Суфян ибн Уяина: «Егер Шафиғи дүние салса онда ғасырымыздың алып тұлғасынан айрылдық»,‒деп имамның білімдегі орнын білдірген.  

Ахмад ибн Ханбал және Яхиа ибн Саид сияқты ұлы ғалымдар, қырық жыл бойы жасаған дұғаларына имам Шафиғиді қоса айтқандарын жеткізген[3].


[1] Ибн Мәжа, Муқаддима 17.

[2] Мурсалат сүресі 35,36.

[3] Имам Ғаззали, «Ихия улум әд-дин». «Ілім» бөлімі.

adil zhanenulyadil zhanenuly
8 жыл бұрын 7735
1 пікір
  • Әділ, сіздің ізденістіріңізді оқыған сайын төрт мазхаб имамдарына деген құрметім арта түскендей...Рақмет! Алла разы болсын!
    8 жыл бұрын
Блог туралы
0
5788 14 61 30 33